2019 жылы технологиялық трендтермен қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді?

ХХІ ғасыр – цифрлық технологиялардың ғасыры. Оның дәуірлеп тұрған шағы. Өйткені, оның әлемді өзгертуге де, басқаруға да, оңтайландыруға да қауқары жетеді. Жер жүзіндегі күллі адамзаттың өмірін жақсартуға да шамасы бар. Әлемнің ең мықты мемлекеттерінің саясатына қарасақ, цифрландыруды мемлекеттік саясатының басым бағытына айналдырғандар ғана көшбасшы елдердің қатарынан көрініп отыр. Инновация мен ақпараттандыру саласын соңғы қатарға қоймауларының арқасында олардағы экономика тұрақты, әлеуметтің әл-ауқаты жақсы. Білімі мен ғылымының деңгейі де биік. Ал бұрын ше?! Бұрын осы өзгерістер мен жетістіктердің бастау бұлағы тың технологиялар екендігін білгенде фантастикалық киноларға сенер ме едік?! Сол қиялдардың бәрі бүгінде бар. Таланттардың талай туындылары адамзаттың қажетіне жарауда. Мәселелерін шешуде. Дегенмен, әлі де жақсартатын, әлі де дамытатын тұстарымыз жоқ емес. Көптеген кедергілер мен олқылықтардың орнын толтыру үшін, алдын алу үшін, ел тұрғындарының салауатты әрі сапалы өмір сүрулері үшін жаңашылдықтар керек-ақ.  Халықтың да оған дайын болуы маңызды. Сонымен биылғы жылы әлемде және елімізде қандай цифрлық өзгерістер болады? Оның пайдасы мен әсері қандай? Технологиялар тұрғындардың өмірін жақсарта ала ма? Осы және өзге сұрақтарды мақалада толығырақ талқылайтын боламыз!

2019 жылы тау-кен өндірісінде қандай жаңашылдықтар орын алады? (Пайдасы мен тиімділіктері)

Жыл санап еліміздің тау-кен өндірісі саласында цифрлық технологиялардың қолданылу аясы кеңіп келеді. Сол жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Осы бағытта «цифрлық кен» жобасы отандық 3 кәсіпорынға енгізілетін болады. Ол көптеген операцияларды оңтайландыруда оң ықпалын беріп, тәуекелдерді басқаруда және инновацияларды енгізуде өз септігін тигізбек. Сол секілді жаһандық инновациялық трендтердің қатарына «Үлкен деректер» (Big data) технологиясы жатады. Мұны әлемнің цифрлық тұрғыдан жетекші елдері (АҚШ, Сингапур, Жапония, Германия) көп қолданады екен. Өйткені, Big data ақпараттық қауіпсіздікті сақтауда, қаржылық операциялар кезінде көп көмегін көрсетеді. Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында, банк жүйесінде, ауыл шаруашылығында, мемлекеттік басқару салаларында жүзеге асырылуда. Ал биыл және үстіміздегі жылдары аталмыш технология тау-кен өндірісінде де енгізіледі деп жоспарлануда. Осы ретте, 2020 жылы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» компаниясы «Үлкен деректер» жобасын енгізуге ниеттеніп отыр. Жалпы айтқанда, Big data-ның келуімен халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы артады, ақпаратпен қамтамасыз етілу деңгейі жоғарылап, уақыттары үнемделеді. Ал  компанияларға өнім көлемін арттыруға жәрдемдеседі.

Цифрлық тренд саналатын блокчейн технологиясы биыл қай салада қолданылмақ?

Осыған дейін мемлекеттік басқару саласында сәтті қолданылып келген блокчейн-технологиясы енді өнер әлеміне енеді деп күтілуде. Ұлыбританияның бұрыңғы мәдениет министрі Эд Вейзидің пікірінше, аталмыш жаңашылдықтың мәдениет саласына келуі – оны ашық және қауіпсіз етеді. Соңғы деректерге сүйенсек, өнер әлеміндегі блокчейннің 5 пайыз қуаттылығы бар көрінеді. Ал ағымдағы жылы бұл көрсеткіштің көлемі өседі деп болжануда. Еліміздің мемлекеттік басқару, қаржы және ауыл шаруашылығы салаларында да бұл технология кеңінен қолданылып келеді. Ол басқаруға, бақылау мен реттеуге өз септігін тигізіп, ашықтыққа әкелуде. Айтулы технология елімізде сәтті қолданылып жатқандықтан, жақында ғана балабақша жүйесіне енгізілді. Енді ол кезек күту процесін оңтайландыруға, оны ашық етуге өз үлесін қосатын болады.

Электроника саласы. Әйгілі Apple компаниясы әлем тұрғындарын қандай жаңалығымен қуантпақ?

2019 жылы электроника саласында да таңғажайып оқиғалар орын алады екен. Әйгілі Apple компаниясы сымсыз құлаққаптардың (AirPods) екінші толқынын шығармақ ниетте. Осы ретте, тек құлаққапты ғана емес, iPhone-ды да бір уақытта қуаттайтын AirPower қуаттағышы қолданысқа енбек. Осылайша, кез келген адам сымсыз телефонын қуаттай алмақ. Бұл әрине iPhone гаджеттеріне қатысты. Аталмыш брендтің Қазақстанда да тұрақты тұтынушылары бар екендігін ескерсек, бұл тұрғындарымыз үшін жағымды жаңалық.

Ақпараттық жүйелер. Автоматтандыру процесі қалай жүрмек?

Биыл әлем елдерінде жаппай автоматтандыру жұмыстары жалғаса түседі. Ол сан түрлі салаларға кіргізіліп, түйткілді мәселелердің түйінін шешуге атсалысады. Көптеген smart жүйелер ойлап табылып, адамзаттың қажетіне жарайтын болады. Қазақстанда да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілмек. Осылайша, ел тұрғындарына мемлекеттік қызметтер одан сайын қолжетімді бола түседі. Олардың уақыттарын үнемдеп, жайлылық сыйлайтын болады.

Онлайн-саудадағы өзгерістер

Биыл жаһандық электронды сауда нарығының аясы одан сайын кеңейе түспек. Соңғы кездерде әлемдік нарықтағы электронды сауданың үлесі күрт артуда. Е-коммерцияның келуімен сатып алу процесі едәуір жеңілдей түсті. Оның көмегімен қажетті тауарларды тез әрі жайлы ала алатын болдық. Қазақстанда да электронды сауда жыл сайын жанданып келе жатқан салалардың бірі саналады. Өткен жылдың желтоқсанында отандық БАҚ оның әр жылда 30 пайызға өсіп отыратынын хабарлаған болатын.

Қазақстанның құзырлы органдары не дейді?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан толықтай электронды форматқа көшеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру дегенде ең алдымен медициналық ақпараттық жүйелер мен мобильді медицинаны айту қажет. Осы жолда жасанды интеллект түрлі дерттерге диагноз қоюда көп көмегін тигізетін болады. Ол сондай-ақ емдеу жоспарын басқаруда тиімділігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар осы жылы еліміздің түкпір-түкпірін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын таппақ. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2020 жылға дейін 1240 болашағы бар ауылдың кеңжолақты интернетпен қамтылатынын айтып отыр. Министр мұның әлеуметтік маңызға ие екендігін, әсіресе мемлекеттік қызметті электронды нұсқада алуда өз септігін тигізетінін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, онлайн-сауда, медициналық қызмет, білім сынды салаларда да сапалы сервис алуға ықпал ететін кеңжолақты интернет екенін айтуда.

Қазақстанда биыл электронды еңбек кітапшалары енгізіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын да цифрлық жаңашылдықтар (электронды ПИК) күтіп тұр. Мұндай игілікті істердің барлығы түптеп келгенде ел тұрғындарының жайлы әрі жақсы өмір сүрулері үшін жүзеге асырылуда.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу