АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ЦИФРЛАНДЫРУ: ҚАЗІРГІ АХУАЛЫ, ӘЛЕУЕТІ, БОЛАШАҒЫ, ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Ауылшаруашылығы –  мемлекет экономикасының өсіміне септігін тигізетін сала. Елдегі ЖІӨ-нің 1/10 бөлігін қамтып, өнімдері барлық тауар саудасының 50%-дан артығын құрайтындықтан, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол әсерін тигізеді. Еліміз үшін де бұл сектордың маңызы жоғары. Өткен  жылы ауылшаруашылығынан түскен пайда республикалық ЖІӨ-ді 4 трлн теңгеге арттырған. Сондай-ақ бұл сала биылғы жылы 3,6%-ға өсім көлемін көрсеткен. Жалпы аграрлық саланы цифрландыру – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда үлкен маңызға ие. Нақты айтқанда 2017 жылдан бастап қолға алынған цифрландыру бағыттарының бірі – «ақылды» техника процесін қолға алу.

Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер

Қазақстандағы АӨК-ті дамыту әрі оны мұнай экспорты сияқты алдыңғы қатарлы салалардың қатарына енгізу үшін бірқатар мәселелерді шешу маңызды.

Алдымен, Қазақстандағы КСРО дәуірінен қалған техника мен оның агроөнеркәсіпке тиімділігі мәселесі. Мысалы, жаңа техниканың тапшылығынан ескіріп кеткен техника тұқым себу және егін жинау кезінде дәнді және майлы дақылдардың 14 пайызы шығынға ұшырайды. Сонымен бірге бұл бағыт қол еңбегін өте көп қажет етіп, өнім көлемінің артуында мәселе туындайды.

Екіншіден, мал шаруашылығындағы азықтандыру, өнімділігін арттыру, мал басының жоғалуы сияқты мәселелер. Мал шаруашылығы жыл сайын мемлекет бюджетіне 2 трлн теңге пайда әкеледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 3 жыл ішінде мал басының жоғалуының 70 пайызы бақылаудың дұрыс болмауынан орын алған. Бұл мақсатқа жетудің тура жолы – еліміздегі ауылшаруашылығы саласын автоматтандырып, саланы толықтай цифрландыру.

Үшіншіден, егін шаруашылығындағы ауа-райын болжау, егіннің өсу қарқының анықтау және бақылау жүргізу. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар Қазақстандағы егін шаруашылығының өнімділігін арттырып қана қоймай, сапасының жоғарылауына себепкер болады.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығының өнімдерін сату және тұтынушыларға қосымша шығындарсыз және қолайлы бағамен жеткізу.

Цифрландыру арқылы шешілетін мәселелер

TELEMATICS жүйесі

Агроөнеркәсіп кешені өте жақсы дамыған мемлекеттер тәжірибесіне көз салсақ, олардың технологиялық төңкерісті басынан өткергенін байқаймыз. Мысалы, бүгінде егіннің өнімділігін арттыру үшін спутниктік және компьютерлік технологиялардың ақпараттары арқылы жұмыс істейтін Telematics жүйесі қолданыста. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде зерттеулер нәтижесінде өзінің тиімділігін дәлелдеген бұл жүйе техникаға орнатылады. Оның көмегімен комбайн, не трактордың егістіктің қай алқабында жүргені, қандай жылдамдықта, не жұмыс жасап жүргенін бақылау мүмүкіндігі бар. Тағы, техника қанша жанар жағар май қолданып, қанша түсім жинағанын көруге болады.

Сонымен бірге заманауи тракторларға орнатылған арнайы тетікшелер егістік алқабының сапасын анықтайды. Бұл өз кезегінде астық тұқымының біркелкі егілуін қадағалап, тұқымның бір уақытта өнім беруін жүзеге асырады. Осындай техникалар көмегімен бүгінгі күні жер шаруашылығын цифрландыру процесі жүзеге асып отыр.

Ұшқышсыз ұшатын аппараттар

Ұшқышсыз ұшатын аппараттар – аналитикалық талдама жасау барысында мағлұмат жинаудың ең тиімді әдісі. Бұл техника спутниктік техниканың мүмкіндігі жетпейтін анық түсірілімдерді алуға мүмкіндік береді. Ұшатын аппараттардың спекторлы сенсорлық қызметін пайдалана отырып, аграрлық сипаттың тек визуалды спектрлерін ғана емес, вегатациялық спектрлер диапозондарының барлық шамаларын анықтай алады және топырақ картасын жасайды. Бұл технологияны  Америкада, Еуропа мен Азияның бірнеше елдері тәжірибеде байқап, органикалық өнімдерді өсіруде ұтымды пайдалануда.

Дрондар егіс алқаптарына барлау, талдау жүргізу үшін пайдаланылады. Мәселен, қашықтықтан зондпен тексеру жұмыстарын жүргізу, бақылау, 3D-моделдеу. Сондай-ақ 10-300 метр биіктікте фото-видео түсіріп, аумақтың шеткі және ең кіші бөліктерін де бақылай алады. Қазір осы техника арқылы алқаптың өсімдік өсіру мүмкіндіктерін, жердің құнарлылығын және ауру ошақтарын анықтауға болады. Сонымен бірге дрондар егіс алқаптарына талдау жүргізу мүмкіндігін береді. Бұл алқаптарға тұқым отырғызу жоспарларын жасау үшін өте маңызды.

GSM/GPS навигаторлары  

Бұл – арнайы ақпарат тарататын технология. Сонымен қатар мал басын бақылайды. Бұл технологияны мал басын бақылауға арналған «виртуалды қоршау» деп айтсақ болады. Нақты айтқанда, жайылымның қай жерінде, қанша км қашықтықта екенін көре алады.  Сонымен бірге ет өнімдерін өндіруде де пайдасын көрсетіп отыр. Себебі, жануардың жағдайын, денсаулығын және бойындағы өзгерістер жайында ақпарат береді. Сәйкесінше бұл өнім көлемін арттырып, кірістің ұлғаюына әсер етеді.

Цифрландыру науқанының келесі сатысы – ауылшаруашылық саласындағы Е-коммерция

Электрондық коммерцияның аумақтық шекаралары жоқ. Сондықтан біздің отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілер үшін бұл жаңа нарықты иемденіп, сатып алушыны табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар интернет-сауда ауылдық жерлердегі сауданы дамыту үшін таптырмас құрал. Бүгінгі таңдағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда азық-түліктегі е-коммерция көлемі – 15,4 млрд.теңге және ол тауарлардағы барлық е-коммерцияның 4%-ын құрайды.

Қазіргі уақытта электронды коммерция рәсімдері бидай сату және сатып алу үшін электрондық астық қолхаттарының цифрлық платформасында жүзеге асырылады. 2019 жылдың 4 тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімдері үшін де электрондық сауда алаңын құру да жоспарға қойылған. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қазір «Askom Service», «Sapa Software» компанияларымен әдістемелік жұмыстар жасалып жатыр.

АӨК саласын цифрландыру болашақта…

Саланы цифрландыру жұмыстары жүйелі аяқталар болса, 2021 жылы  процестер мен мемлекеттік қызметтер 100% автоматтандырылып, Республика бойынша кем дегенде 20 цифрлық ферма және 4000 ферма құрылатын болады. Сондай-ақ, 2022 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің электронды коммерциясының үлесі 3%-ға дейін тікелей сатуды 20%-ға арттырады деген болжам бар. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап IT-компаниялардың ықпалымен фермерлерге  кәсіпкерлік, фермерлік шаруашылық, агрономия, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы бойынша онлайн оқыту жүйесін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2025 жылға қарай цифрландырудан күтілетін экономикалық пайда көлемі  40 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар.

Әлем елдерінде агроөнеркәсіпті цифрландыру қалай жүзеге асуда?

Әлемдік тәжірибеде агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру кеңінен қолданылып келеді. Оған Канада, Түркия, Аустралия, Германия, АҚШ сынды алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі дәлел. 2010 жылы әлем бойынша жоғары технологиямен жұмыс жасайтын 20 компанияға 400 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылса, 2013-2016 жылдары 1300 жаңа технологиялық стартапқа инвестиция құйылған. Ал бүгінгі таңда жылдық көрсеткішпен 500 жоғары технологиялық стартаптар құрылады. Осы көрсеткіштер нәтижесінде 2015 жылы әлемдік ауыл шаруашылығы саласына құйылған инвестицияның көлемі 4,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Агростартап құруда жетекші елдер қатарында АҚШ, Қытай, Үндістан, Канада, Бразилия, Израиль елдері көш бастап тұр. Бразилияда ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруда қаржылық құралдардың 20-40 пайыз құнынан бөлісуге келетін аграрлық түбіртектер қолданысқа енгізген. Ал Аустралияда сәйкестендіру жүйесі арқылы мал өнімдерін қадағалау мүмкіндігі ұлғайды. Бұл түрлі аурулардың алдын-алу, орын алған жағдайда жылдам шаралар қарастыру және басқа төлдерге тарау белсенділігін бәсеңдетеді.

Қорытытындылай келе, АӨК саласында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану астық көлемін арттырып қана қоймай, көптеген мәселелердің алдын-алуға мүмкіндік беріп отыр. Саланың цифрлануы өз кезегінде  ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық саласының үлесін арттырады. Мәселен,  экономикалық тиімділіктің артуына, қол еңбегінің және шығын көлемінің азаюына әкеледі. Сонымен бірге еліміздің ауылшаруашылық әлеуетінің одан сайын артуына ықпал етеді. Азық-түліктің түсім көлемі өсіп қана қоймай, құнары артатын болады. Мал басы көбейіп, ауылшарушылық өнімдерінің бағасы төмендейді. Бұның барлығы ел тұрғындарының жағдайына, денсаулығына  оң ықпалын тигізері сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу