Алдағы 10 жылдықта заттар интернеті адамзат өмірінің айнымас бөлшегіне айналады

Қазіргі таңда цифрландыру үдерісі әлем елдерінің басты тақырыбына айналып, экономиканың көптеген салаларының дамуына серпіліс беруде.

Әлеуметтік желілер пайда болғанынан кейін, ғаламторға тіркелген құрылғылар саны әлемдік желінің пайдаланушылар санымен теңесті. Мұндай өсім келесі онжылдықта жалғасады деп күтілуде. Осы орайда ірі IT компаниялар пайдаланушыларға қажетті әрі интернетке қосылуға мүмкіндік беретін тауарларды өндіріп жатыр. Бұл өз алдына «заттар интернеті» деген ұғымды қолданысқа енгізіп, оның дамуына ықпал етті.

«Заттар интернеті» ұғымы (ағылш. «Internet of things» немесе қысқаша түрде IoT) ақпарат жинауға және алмасуға мүмкіндік беретін электроникамен, арнайы бағдарламамен, сенсорлармен және интернетке шығу мүмкіндігімен жабдықталған физикалық объектілердің желісі. Ол кез келген дүние болуы мүмкін: компьютер, планшет, смартфон, лампа, есік құлпы және т.б. Яғни олардың әрқайсысының бірегей сәйкестендіру коды және ІР-мекен-жайы болады. Арнайы объектілер сымға немесе сымсыз байланысқа қосылады. Қандай байланыс түріне жалғасқанына қарамастан «заттар интернетін» әртүрлі қашықтықта немесе әлемнің басқа түкпірінде жүріп те басқара алатындай мүмкіндігіңіз бар. Бұл концепция біздің өмір сүруімізге және жұмыс күшін арттыруға мүмкіндік береді.

Заттар интернетінің мысалы ретінде, Ақылды үйлер концепциясын жатқызуға болады. Бірақ жүйе автоматтандырылған болуы тиіс. Яғни сіз ақылды үйіңізден шыққан кезіңізде, желіге қосылған барлық электронды заттар (жарық шамдары, үтік, шәйнек, теледидар және т.б.) өшіп, сіз қайтып келген кезде іске қосылады. Қазіргі кезде ақылды үйлер концепциясын Highvill, BI Group, Bazis A компаниялары салып жатқан ғимараттарда байқауға болады.

Әлемдік McKinsey институтының бағалауынша, заттар интернеті 2025 жылы 14 трлн доллардан 33 трлн долларға дейінгі аралықтағы қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заттар интернеті өндіріс пен коммерциялық саладағы негізгі табыс көзіне де айналады делінген.

Заттар интернетін (IoT) құрастыруға, пайдалануға әлемнің барлық елі өз үлестерін қосуда. Осы орайда «Internet of things»-тің мәнін, тиімділігін және оған жетудің жолдарын ең алдымен халық анық түсінуі керек.

2017 жылы Астана қаласында өткен «IoT Forum Astana-2017» форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанды цифрландыру, соның ішінде елімізге «Internet of Things»-ті (интернет заттар) енгізу еліміздің экономикасына мол пайда әкелетінін айтты.

Расымен, алдымен экономиканы цифрландыру бұл бағыттағы дамуды жылдамдатады. Заттар интернетін экономиканы дамытуға қолданып келетін алдыңғы қатарлы елдер арасында Қытай, Сингапур, Дания және Оңтүстік Корея.

Өз елімізде де алдағы уақытта заттар интернеті бизнестің негізгі көзіне айналуы әбден мүмкін. Себебі, қазақстандық стартаперлер заттар интернетін (IoT) құрастыру, дамыту бағытында қарқынды қызмет атқарып жатыр.

Дамыған елдерге де, дамушы елдерге де заттар интернеті жаңашылдық алып келері сөзсіз. Яғни жаңа медициналық жүйелерден бастап, ақылды автомобильдер, коммерциялық қосымшалар, ақылды үйлер мен адамзат жағдайын оңтайландыру барысында заттар интернеті құрастырылатын болады.  Жоғарыда айтылғандардың көпшілігі аңыз секілді және қол жетпестей болып көрінгенімен, алдағы 10 жылдықта біз таңғажайып өзгерістердің куәсі болатынымыз анық.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу