Асқар Жұмағалиев: Ақпараттық жүйелерді жасауда отандық компаниялар көбірек қатысса деймін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub технопаркінде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев отандық IT-қауымдастықпен   кездесу өткізді.

Келелі кездесуге 40-тан астам IT-компания өкілдері, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, «Зерде» Холдингінің өкілдері, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрінің міндетін атқарушы Динара Щеглова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев, жас стартаперлер, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Асқар Жұмағалиев өз сөзінде қазақстандық IT-компаниялардың еліміздің IT-индустриясына қосып жатқан үлесін сөз етті. Сондай-ақ, олардың «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда көп көмек тигізіп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы жоспарларды бірлесіп жасауға шақырды.

«Сіздермен осы кездесуде келешектегі жұмысымызды жоспарласақ деймін. Біз былтырғы жылы сіздердің ұсыныстарыңызбен бірқатар жұмыстар атқардық. Алғашында салық мәселесі бойынша, Астана Хаб жұмыстары бойынша бірқатар өзекті сұрақтар туындаған болатын. Қазір аталған мәселелер өз түйінін тапты. Сондықтан Астана Хабтың қызметтерін пайдалансаңыздар болады. Осы жерден салық жеңілдіктерін ала аласыздар», – деп атап өтті А. Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, жақында ғана бекітілген жаңа заң түйткілді мәселелердің түйінін шешеді.

«Ақпараттық қауіпсіздік бойынша шынымен проблемалар бар. Аттестациядан өту үшін өте ұзақ уақыт күтуге тура келеді. 5 жылдан кейін бұл ешкімге қажет емес болып қалады. Өйткені, жаңа режим пайда болады. Мұның бәрі осымен аяқталды. Себебі, қазіргі таңда бекілген заң осы мәселелерді шешетін болады. Осы ретте, Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтамын. Жақын арада нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілетін болады. Менің ойымша, 2-3 айдың көлемінде жаңа режим аясында жұмыс жасайтын боламыз. Бұл керемет», – дейді Асқар Қуанышұлы.

Сондай-ақ, ол жиналған қауымға отандық IT-компанияларды қолдайтынын, олардың саны барынша көп болғанын қалайтынын жеткізді.

«Қазақстандық компаниялар ақпараттық жүйелерді жасауда көбірек қатысса деймін. Бұрын осы сала бойынша отандық компаниялар 2-3 пайыз ғана болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш 43 пайызға жетті. Яғни, мұны сіздермен бірге жасадық. Бұл өте жақсы, осындай көрсеткіштерге жеткеніміз қуантады. Бізге өсу керек. Дегенмен, кейбір жүйелерді халықаралық компаниялармен бірлесіп жасауға тура келетін кездер болады», – деді министр.

Асқар Қуанышұлы басқосуға келген жас бизнесмендерге өз кеңесін айтып, бірлесіп экспортқа шығуға, отандық IT-нарықты дамытуға шақырды.

«Біз экспортқа шығуымыз керек. Және мұны сіздер арқылы жасауымыз қажет. Сіздермен Өзбекстан және Қырғызстанға бардық. Сонда 4 келісім-шарт жасастық. Мұны көп немесе аз деуге келмес. Дегенмен, бұл нәтиже. Егер қаласаңыздар басқа мемлекеттерге барайық. Менің пікірімше, сіздерге Оңтүстік-шығыс Азияға барған абзал. Мәселен, Индонезияның 270 млн. халқы бар. Вьетнамда 80 млн. тұрғын бар. Бангладеште 160 млн. халық бар. Бұл дегеніміз, үлкен нарық. Сондықтан, тоқтап қалмай, алға жылжи берейік, экспортқа шығуға талпынайық», – деп түйіндеді министр.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу