Ауыл шаруашылығын цифрландырудағы соңғы жетістіктер

Қазақстан Үкіметі алдағы 5 жылдың ішінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсіруді көздеп отыр. Бұл көрсеткіш цифрландырудың арқасында мүмкін болмақ. Ал одан түсетін түсім көлемі 1 трлн теңгені құрамақ.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында елімізде 20 цифрлық фермалар мен 4000 ілгері фермалар бой көтереді. Мемлекеттік қызметтер мен процестердің автоматтандырылуы 100 пайыздық деңгейде орындалады.

Ауыл шаруашылығын цифрлық форматқа көшірудегі басты мақсат – шаруашылықтардың жұмысын жеңілдету, өнім көлемін өсіру. Осы бағытта бірқатар кешенді жұмыстар легі атқарылуда. Соларға біртіндеп тоқталып өтсек.

Онлайн-кеңес

2020 жылы фермерлер үшін онлайн-кеңес беру жүйесі енгізіледі. Бұл аталған саланы жандандыру мақсатында жасалып жатқан маңызды шаралардың бірі. Осылайша, олар кәсіпкерлік, агрономия, тұқым шаруашылығы және т.б. бағыттар бойынша кеңестерді электронды нұсқада ала алады. Айта кетерлігі, оқытудың мұндай форматы «Uber» үлгісінен алынған.

Онлайн-несие

Келешекте жүзеге асатын тағы бір келелі істердің бірі – ауыл шаруашылығын қолдауға арналған несиелердің онлайн форматқа көшуі. Мұндағы мақсат – фермерлердің шығындарын барынша азайту әрі өтінімді уақтылы қарастыру. Осылайша, шаруалар бір ғана батырманы баса отырып, несиені онлайн форматта ала алмақ. Бұл 2021 жылға жоспарланып отыр.

Жер телімдерін онлайн нұсқада беру

2019 жылдың 1 шілдесіне дейін жер телімдері электронды түрде беріледі. Бұл жекелеген облыстарға ғана қарасты. 2021 жылы бұл жоба республикалық деңгейде болады. Мұның барлығы ашықтыққа әкеліп, заңсыздықты жояды.

Дизель отынын электронды тарату

Аталған саладағы тағы бір жаңашылдықтың бірі – дизель отынын электронды тарату пилоттық жобасы. Оның артықшылығы – фермерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік беруі. Бұл жобада мынадай қызметтер қарастырылмақ: онлайн-өтінім беру, квота құрастыру, электрондық келісім-шарт жасасу. Қазіргі көрсеткіштерге келер болсақ, 16 594 тонна дизель отынын жөнелтуге арналған электронды өтінімдер әзірленіпті.

Цифрландырылған егістік аумағы келер болсақ, бүгінде 23,7 миллион гектар жер цифрландырылған. Аталған жайт, электронды карталардың арқасында мүмкін болып отыр.

Бүгінде цифрландырудың нәтижелері көптеген компанияларда көрініс бере бастады. Оған мысал ретінде, Ақмола облысындағы «Атамекен Агро» АҚ-ны айтсақ болады. Аталған кәсіпорын заманауи технологияны енгізген небәрі 4 жылдың ішінде еңбек өнімділігі 2 есеге ұлғайыпты. 2014 жылдан бері аталмыш компания ауыл шарушылығы өндірісін басқаруды автоматтандыру бойынша техникалық мүмкіндікті зерттеу жүргізіп, 2015 жылы жерді дистациялық зондтау және егінге спутниктік арқылы мониторинг жүргізу жүйесін енгізген. Цифрлық форматқа көшірудің нәтижесінде онлайн-режимде дәнді-дақылдардың түрлері мен гектарын бақылап отыру мүмкін болған.

Экономиканың негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылық саласын цифрландыру мемлекет табысын еселей түсуге ықпал етеді. Өйткені, бүгінде әлемнің көптеген елдері бұл салада цифрлық технологияны қолданғандықтан оның игілігін көріп, экономикалық тұрғыдан алдыңғы қатарлардан көрінуде.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу