ЕАЭО ЕЛДЕРІ ЭЛЕКТРОНДЫ САУДАНЫ ДАМЫТУМЕН АЙНАЛЫСПАҚ

27 шілдеде Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңес өтіп, оған Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің премьер-министрлері қатысты. Олар ЕАЭО-тың цифрлық күн тәртібін талқылады. Бұл туралы mir24.tv агенттігі жазды.

Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевтің айтуынша, 2018 жылдың басында сәйкестендіру арқылы тауарларды таңбалау туралы келісімге қол қойылды. «Бұл келісім ағымдағы жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Одақ елдерінде қажетті процедуралар жасалатын болады», – дейді Д. Медведев. Сондай-ақ, ол Ресейде жыл соңына дейін тауар бойынша бүкіл циклді қамтитын жүйенің құрылатынын атап айтты. Аталмыш жүйе өз кезегінде тауарлардың кеденнен шығуынан бастап, бөлшек саудаға дейінгі барлық кезеңді қамтиды екен.«Пайдасы белгілі: мемлекеттік бақылау реттеліп, тұтынушылар қорғалады. Бұған қоса, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалады», – деді РФ-ның Үкімет басшысы.Отырыс барысында тараптар Одақтағы цифрлық сауданы дамыту мақсатында әдіс-тәсілдер жасасуға келісіп, оны қолға алуға уағдаласты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда ЕАЭО-ның бірқатар мемлекеттермен сауда-экономикалық келісімдер жасасу туралы келіссөздер жандандырылған. Израиль, Үндістан, Египет, Сингапур, Сербия және басқа да елдермен ынтымақтастық орнату мәселелері түрлі дайындық сатысында тұр.

«Қазақстан әрдайым біздің интеграция «орбитасына» жаңа ойыншыларды тартудың қолдаушысы болды. Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның технологиялық жағынан табысты және инвестициялық тартымды елдермен және интеграциялық блоктармен ынтымақтастық орнатуы қажеттігіне баса назар аудартқанын айтып өткенім жөн», – деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев аталған басқосуда.

2018 жылдың I тоқсанында 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ЕАЭО-ның өзара сауда-саттығы 16,4%-ға (13,9млрд доллар) ұлғайды. Үшінші елдермен Одаққа мүше мемлекеттердің сыртқы сауда көлемі 23,8%-ға (172,3 млрд доллар) артты. Еуразиялық даму банкінің болжамдарына сәйкес 2019 жылы ЕАЭО ЖІӨ өсімі 2,1% құрайды.

Аталған отырысқа Арменияның Премьер-Министрі Н. Пашинян, Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Беларусь Премьер-Министрі А. Кобяков, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абулгазиев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Д. Медведев, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу