Қазақстанда QWANT онлайн бағдарламалау мектебі ашылады

15 сәуірде цифрлық өнім мен қызметтер нарығының қазақстандық сегментіне арналған бағдарламашылар мен әзірлеушілерді дайындауға бағытталған QWANT білім беру жобасы ашылады. 

Цифрлық мобильділік пен шекаралардың ашылған дәуірінде цифрлық инфрақұрылымның әлемдік нарығымен бәсекелесу көптеген елдердің күн тәртібіне еніп отыр. Цифрлық экономиканың белең алуымен ақпараттық технологиялар (АТ) саласындағы талантты мамандарға да сұраныс артып отыр. Сол себепті «Астана» халықаралық қаржы орталығы былтырдан бастап АХҚО бюросы негізінде бағдарламашы инженерлер мен әзірлеушілерге арналған мамандандырылған бағдарламаны жүзеге асырып отыр. Ондағы басты мақсат халықаралық сертификаттау бағдарламалары мен білім беру технологиялары арқылы білікті маман дайындау.

QWANT жоғары технология мектебі Еуропа мен АҚШ-тың ең үздік бағдарламалау мектептерінің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін қамтитын Кремний алқабының цифрлық платформасы – QWASAR арқылы біліктілік арттыру мен сұранысқа ие кәсіп меңгеруге ниетті барлық азаматқа мүмкіндік ұсынады.

QWANT-тың оқыту әдістемесі тәжірибелік білім алу, өзара бағалау, жобалық басқару, геймификация және рөлдік модельдеу принциптеріне негізделген. Оқу процесі жұмыс барысына барынша жақын орта қалыптастыра отырып құрылған, ал бағдарламаға қатысушылар берілген тапсырманы жекелей де, топпен де орындай отырып күн сайын машықтарын шыңдай түседі. Сонымен қатар оқу барысында бағдарламалау тіліне тереңнен бойлай отырып, әрбір қатысушы автоматты жүйе арқылы өз әріптестеріне баға беріп, үйрете алады.

QWANT жобасында оқытушылар мен лекция жоқ. Жүйенің ерекшелігі кең қамтылуы мен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беруінде. Бұл оқу процесінің сапасын сақтай отырып барынша көп кандидатқа пайдалы білім беруге мүмкіндік береді.

6 ай бойы QWANT бағдарламасы бойынша сертификат алу үшін іріктеуден өткен кандидаттар мына салаларда өз машықтарын дамытады: қолданбалы бағдарламалаудың интерфейсі, жасанды интеллекті тәжірибелік бағдарламалау, веб-инфрақұрылым, машиналық оқу, мобильді қосымша. Үміткерлерге талаптар негізгі екі параметрмен қойылады: бағдарламалау негіздерін білу және аптасына 40 сағаттан артық уақыт бойы белсенді оқуға ынтасының болуы.

Алдағы уақытта QWANT бастауыш бағдарламашылар үшін де, цифрландыру мен IT саласындағы басшылар үшін де ұсынылатын оқу бағдарламаларының тізімін айтарлықтай кеңейтеді. Алдағы уақытта платформаға осы салаға маманданған ЖОО-лар, соның ішінде өңірлердегі маманданған ЖОО-лар да қосыла алады.

«Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі АҚ өзара қол қойылған түсіністік туралы меморандум аясында QWANT жобасын қолдауға ниетті. Ондағы мақсат экономиканың басым секторларын тиімді цифрландыруға бағытталған білім беру бойынша цифрлық бастамаларды дамыту. Сонымен қатар халықтың цифрлық сауатын арттыру мен кәсіби мамандарды даярлау бағыты бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шаралары аясында QWANT жобасы жаңадан бастаған адамдарға бағдарламалау машықтарын жаппай үйрету курсын да дайындап жатыр.

Ай ортасында басталатын бірінші оқу бағдарламасына өтінім қабылдау 4 сәуірге дейін ашық. Толығырақ: Qwant.kz

БАҚ өкілдерінің байланысуы үшін:

Мерей Маханова, +77017770418, m.makhanova@aifc.kz


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу