Қазақстанда тегін цифрлық сауаттылық курстары ашылды

17 маусымнан бастап Қазақстанның барлық облыстарында цифрлық сауаттылықты арттыру курстары басталады. 

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Зерде» холдингі АҚ бірлесе отырып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында адам капиталын дамытып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша оқу бағдарламаларын әзірледі.

Елдегі цифрлық сауаттылықтың 80%-ына қол жеткізу үшін ақпараттық қауіпсіздік, электрондық коммерция, электронды және ашық үкіметті қолдануды меңгерген, цифрлық біліктілікке ие 468 мың адамды оқыту керек. Сол себепті, биыл еліміздің әр өңірінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шараларды жалғастыру жоспарланып отыр.

Мәселен, 2019 жылғы жоспар бойынша мынадай тақырыптар қамтылады. Бірінші – дербес компьютер мен ноутбукті, мобильді құрылғыларды, ннтернетті, қауіпсіздікті және деректерді сенімді пайдалана білу. Екінші – «Электрондық үкімет» қызметін пайдалану дағдылары. Оның ішінде үйден шықпай «онлайн» электронды мемлекеттік қызметтерді алу. Үшінші – ашық үкімет пайдаланудың дағдылары, оның ішінде ашық үкіметтің төрт құрамдас бөлігін пайдалану (ашық деректер, ашық регламент, ашық диалог және бюджет). Төртінші – интернет арқылы тауар сатып алу. Нақты айтқанда, өнімдер мен қызметтерді сатып алу, сату және тарату дағдыларын қамтитын электрондық коммерция дағдыларын игеру. Сондай-ақ, бесінші – ақпаратты қорғау дағдылары, соның ішінде жеке деректерді қорғау, планшет, смартфондарды қорғау, интернетті пайдаланудағы қауіпсіздік.

Оқыту курстары біліктілігін арттыруға ниетті әрбір адамға қолжетімді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына (көп балалы аналар, зейнеткерлер, жұмыссыздар, тірек-қимыл аппаратының бұзылулары бар мүгедектер) оқыту курстары тегін беріледі. Аталған курстар 2019 жылдың 17 маусымынан бастап, еліміздің барлық өңірлерінде (облыс орталықтарында, ауылдарда және қалаларда) мектептер мен кітапханаларда өтеді.

Курстың әр аймақтағы өту мерзімін жергiлiктi атқарушы органдардың және «Цифрлы Қазақстан» сайтының «Цифрлық сауаттылық» бөлімінен білуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет 2018 жылы цифрлық сауаттылық бойынша курстар өткізіліп, 686 мыңнан астам адам базалық цифрлық дағдыларға үйренген болатын. Жалпы цифрлық сауаттылық деңгейі жыл бойынша 79,6%-ды құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу