Қостанай облысы цифрлық эфирлік телехабар таратуға дайын

Биыл маусым айында Қостанай облысында аналогтық телехабар тарату желісі өшіріледі. Аумақтың цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшуге дайындығы облыстық және аудандық әкімдіктер өкілдері мен  Павлодар облысындағы «Қазтелерадио» АҚ филиалының мамандарымен бірлесіп өткен жиналыста талқыланды.

687 отбасы Қостанай облысында тегін цифрлық қабылдағыш алады. Қостанай облыстық Ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары Марина Растегаеваның айтуынша, қазіргі уақытта тұрмысы нашар отбасыларды ресиверлермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, ЦЭТВ жобасын жүзеге асыру аясында тұрғындар арасында жаппай ақпараттық-түсіндірме науқаны қолға алынған. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында, облыстық және аудандық ішкі саясат басқармаларының сайттарында цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу мен аналогтық желінің өшірілуі туралы хабарландыру үнемі жарияланып келеді.

«Қазтелерадио» АҚ сату қызметінің басшысы Бауыржан Асылбеков атап өткендей, биыл цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшудің екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Ал бірінші кезеңнің аясында 2018 жылы аналогтық желі Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында өшірілген болатын. Биыл анлогтық телехабар тарату желісі Қостанай, Алматы және Павлодар облыстарында толық өшіріледі деп жоспарланған.

Осылайша, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшкен соң, Қостанай қаласында 30 шақты елді мекендерде 15-ке дейін телеарна SD-форматында көрсетіледі. Әрі абоненттік төлемақы болмайды. Желіге қосылу және қабылдағыштарды күйге келтіру бойынша халыққа көмек көрсету үшін «Қазтелерадио» АҚ call-орталық жұмысын ұйымдастырды. Қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда абоненттер «193» номері бойынша тегін хабарласа алады.

«Цифрлық ресиверді сатып алмас бұрын теледидарыңыз DVB-T2 форматында көрсете ме, жоқ па, тексеріп алыңыз. Ондай жағдайда тек децимитрлік антенна сатып алсаңыз жеткілікті, теледидарға қосқан соң, мәзірден «арналар іздестіру» түймешесін басасыз», – деді «Қазтелерадио» өкілі.

Эфирлік телехабар тарату желісін цифрландыру жұмыстарының аясында Қостанай облысында 59 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, жаңғыртылды. Яғни жаңа желі облыс халқының 98 пайызын қамтиды деген сөз. Цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу жобасын жүзеге асыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу