СЕМЕЙДЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН ПОЛИТРАВМА ЖӘНЕ ОРТОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының негізінде политравма және ортохирургия орталығы іске қосылды.

Жаңадан ашылған политравма және ортохирургия орталығында заманауи қондырғылардың көмегімен жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері көрсетілмек. Бұндай технологиямен жабдықталған орталықтарда науқастар өз дерттерінен тез айығып кетеді дейді медицина мамандары. Сол секілді аталған орталықта жасалатын отадан кейін қысқа уақытта емделушілердің қозғалыс белсенділігі артатынына сенімді ақ халаттылар.

Политравма бөлімінің меңгерушісі болып Дарын Бахтыбаев,  ортохирургия бөлімінің басшысы болып Қуаныш Қасымов тағайындалды. Орталықта өз мамандығын жетік меңгерген мамандар қызмет атқарады. Олардың ішінде медицина ғылымдарының профессорлары, докторлары, кандидаттарымен қатар, жоғары санаттағы дәрігерлер және медбикелер бар екен.

Семей қаласында ашылған бұл орталық Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Семейдегі Мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп іске асырылған жоба. Жаңадан ашылған бұл орталық 2016-2019 жылдарға бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қолға алынды.

«Политравма және ортопедия орталығы республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші мамандарымен бірге ішкі протездеу және күрделі жарақаттарды емдеу үшін ең озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл орайда жедел медициналық жәрдем ауруханасының рөлі өте маңызды. Өйткені осы мекеме Шығыс Қазақстандағы 9 ауданға қызмет етіп келеді», – деп мәлімдеген еді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Семейге жасаған алдыңғы сапарында.

Айта кетелік, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 1996 жылы Орталық қалалық ауруханасының негізінде құрылған. 9 корпустан тұратын ЖМЖА-ның жаңа кешені 2011-2013 жылдар аралығында  «Жүз мектеп, жүз аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Аурухана 325 орынға есептелген, оның құрамында 10 клиникалық, 8 қосымша бөлімшелер бар. Аурухананың негізінде Семей қаласының Мемлекеттік медициналық университетінің 6 кафедрасы орналасып, қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары жұмыс жасайды.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу