«SMART CITY-2018»: АЛМАТЫҒА ЕУРОПАЛЫҚ ФОРУМНАН 1-ШІ ОРЫН БҰЙЫРДЫ

Алматы Люблянада (Словения) өткен «Smart city-2018» Еуропалық форумында жүлделі 1-ші орынды иеленді. Бұл марапатты мегаполис көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша алып отыр.

Айтулы форумға әлемнің бірқатар елдері қатысқан. Үздік жобалар мен инновациялық проектілердің ең мықты 50-і анықталған. Ондағы ең үздік үштіктің қатарына Түркияның Анкарасы мен Хорватияның Загреб қалалары кіріп отыр. Түркиялықтар «Анкара парк» атты туристік жобамен келсе, хорваттықтар «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» деген бағдарламамен келіпті.

Ал конкурс комитеті болса Алматының қоғамдық көліктеріндегі табыстың ашықтығы мен әртүрлілігін, қолжетімділігі мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған шараларын бағалады. Сонымен қатар, ондағы сарапшылар қауымы мен бизнестің қатысуын айтып, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы сынды критерийлерді атап өтті. Дегенмен, халқы жөнінен миллионер қала мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ағымдағы жылы қоғамдық көліктерді тағы да жаңартпақ ниетте. Яғни ол деңгей 80 процентті құрайтын болады. Осыған орай, өңірде жеке инвестиция есебінен электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынған.

Алматының қазіргі ахуалына келер болсақ, қоғамдық көліктерде барлық транзакциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жүреді, барлық автобустарға видеокамералар орнатылған, GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 709 қозғалыс жолағы бақылауға алынып, фото-видеофиксация жүйесі жұмыс істеп жатыр.

Жергілікті әкімдік көлік жүйесін реформалау үшін үздік халықаралық мамандармен бірігіп жұмыс істеуде. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын «Gehl architects», «Тұрақты көлік» жобасы бойынша жұмыс істейтін ПРООН, көлік қозғалысының кешенді сызбасын жасайтын «A+S Транспроект»,«Systra» компаниялары және Алматының шебер-жоспар концепциясын жасауға кіріскен канадалық- америкалық «HATCH» компаниясы бар.

Smart city концепциясы арқылы қалалар экономикалық және мәдени орталықтарға айналып, әлемдік экомика мен қоғамдық ортаға тың өзгерістер әкеледі. Ал, жаңа технологиялар мен ақпараттандыру процесі болса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан мегаполистің проблемасын тиімді шешуге ықпал жасайды. Сондай-ақ, «ақылды қалалар» мемлекеттік құрылым мен қоғамдық институттардың бірігуіне әсер етіп, тұрғындарға қауіпсіздік пен жайлылық сыйлайды. Бұған қоса, экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық әлеуеті бойынша бәсекеге қабілетті қалаға айналады.

Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, «Smart city» жобасы әлемнің 2500 қаласына енгізілді. Соның арқасында олардың көптеген қалалары дамып, тұрғындары жайлы өмірге қол жеткізді. Ал, Алматы секілді көлік саласын трансформациялауға ден қойған мемлекеттердің ең үздіктері ретінде Дания және Сингапур елдері белгілі. Данияның Копенгаген қаласы осы жобаның арқасында әлемдегі ең жайлы және қолайлы қала атанып, экологиялық тұрғыдан ең таза аймақ саналатын болды. Бүгінде жол-көлік апаттарын алдын алу мақсатында зияткерлік көліктік жүйесі қалыптасқан. Ал, Сингапурда көлік кептелісі атымен жоқ. Олар оған «Ақылды қала» жобасы аясында қол жеткізген. Онда әр көлікке арнайы орнатылған қондырғыға «кэш-карта» (In-Vehicle Unit) салынады. Қала қақпасына (ERP) кірер алдында картадан автоматты түрде тарифпен есептелген жолақысы алынады. Сингапурлық «ақылды жол» жүйесі көлік қозғалысын реттеуде тиімділігін дәлелдеді. Сондай-ақ, цифрландыру аясында электронды сауда жүйесін дамытып, ашық және жариялы үкіметтің қызметін қалыптастыра алған болатын.

Еске сала кетейік, Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Smart city» концепциясын іске асыру бойынша бүкіл қалалаларда жаңа технологиялар енгізіліп келеді.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу