«Үлкен деректер» технологиясының ел дамуына тигізер ықпалы зор

Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында. Бұл нақыл сөздің ақиқатына бүгінгі күннің өзі дәлел. Ертеде ақпаратты сақтау, тасымалдау тәсілі қарапайым болды. Осыдан 10 жыл бұрын компьютерге арналған дисктердің көлемі 4,7 Гб-ты құрған. Ал қазіргі таңда күнделікті қолданатын Facebook секілді әлеуметтік желінің өзі жарты миллиард терабайт ақпаратты өңдейді.

Дүние жүзінде ақпараттық деректердің саны жыл сайын 20 пайызға көбейіп отырады. Бүгінде сол сақталған ақпараттар бір жарым зеттабайтқа (ақпараттың өлшем бірлігі)тең. Егер сақталған ақпараттарды кітапқа түсіретін болса және ол кітапты қатарынан қойса АҚШ аумағын бес рет айналып шығуға болады. Осыған байланысты оларды сақтау, сұрыптау басты мәселеге айналған.

2008 жылы «Үлкен деректер» (ағылш. Big Data) термині пайда болды. Big data – технологиялық инновациялар нәтижесінде пайда болған үлкен ақпараттар ауқымын өңдей алатын бағдарламалық құралдар. Оған ұзақ жылдар бойы сақталған ұялы байланыс абоненттерінің мәліметтері, іздеу жүйелеріндегі сауалдар тізбегі, әлеуметтік желілердегі белсенділік, тіпті қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларында жазылған материалдар және т.б. ақпараттар кіреді.

Үлкен деректер тек сандар мен әріптерден құралмайды. Оның ауқымы кең. Соның ішіне: әлеуметтік желілер, блогтар, медиа, форумдар, веб-сайттар, заттар интернеті (IoT) т.б дерек көздерін қамтиды. Бүгінде оларды денсаулық сақтау, телекоммуникация, сауда, логистика салаларында, қаржы компанияларында, сонымен қатар мемлекеттік басқаруда пайдаланады. Бұл технологияны АҚШ, Синапур, Германия, Ұлыбритания, Ресей елдері қолданады.

Қазір адамдардың өмірін өзгертетін бес негізгі технология анықталып отыр. Олар: заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн, 3D басып шығару және Big Data.

Еліміздегі мемлекеттік органдар BigData және OpenData (ашық деректер) концептілерін ендіруге күш салуда. Мәселен, eGov-тың мақсатты аудиториясын зерттеу барысында «Үлкен деректер» зертханасы жұмыс жасайды. Онда eGov порталының пайдаланушыларының профилін талдау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, еліміздегі денсулық сақтау саласының ақпараттық жүйесіне 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 14 терабайт мәліметтер жинақталған. Бұл 5,8 млрд бет мәтінмен пара-пар. Алдағы уақытта Big data технологиясы мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып өңдейтін болады.

Қазіргі таңда ТМД-дағы ең үлкен Data орталығы Павлодар қаласында орналасқан. Деректер орталығы электронды ақпаратты өңдеп сақтайтын 11 мыңнан аса құрылғыны қабылдауға қауқарлы. Бұл «Қазақтелеком» АҚ мен Hewlett-Packard компаниясының бірлескен жобасы болып табылады.

Ал 2020 жылға қарай «Қазцинк» «Үлкен деректер» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл көптеген операцияларды оңтайландырады, түрлі қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді. Компанияларға Big Data технологиясын пайдалану  маңызды ақпаратты бірнеше секундта алуға жағдай жасайды. Нәтижесінде, экономикалық шешімдердің тиімділігін арттыруға, клиенттердің сұранымдарына  жылдамырақ жауап қайтаруға ықпал етеді.

Айта кету керек, айтулы жүйені әлемдік компаниялар кеңінен қолданады. Әлемдік компаниялардың санатына американдық Google және ресейлік Яндекс, Mail.Ru Group компаниясы, сонымен қатар әйгілі Рамблер интернет-порталы кіреді.

Boston Consulting Group талдау консалтингтік компаниясының директоры Александр Тюрпицтың айтуынша, бүгінгі күні дамушы елдердегі интернет-экономиканың өсімі жыл сайын 15-25 пайызды құрайды екен.

«Экономиканың басқа секторлары мұндай өсімді көрсете алмайды. Барлық жаһандық деректердің 90 пайызы тек соңғы екі жылда жасалған. Сонымен қатар, әлемдегі деректердің 99 пайызы цифрландырылған. Бүкіл әлемдегі 35 миллиард құрылғы деректерді түрлендіреді және оны күн сайын бөліседі. Бұл әлем тұрғындарыннан бес есе көп және осы құрылғылардың тек бір пайызын ғана қосуға болады », – деді BCG сарапшы.

Қорытындылай келе, Big Data көмегімен экономикалық өсімді, халықты сапалы ақпарат көзімен қамтамасыз етуде, жылдамдықты және деректердің дұрыстығын, жинақталған ақпараттардың құндылығын сараптай аламыз. Сондықтан, көшіру, қалпына келтіру және деректерді мұрағаттау нарығы болашақта үлкен сұранысқа ие болады. Бұрын елестету қиын болған жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Көптеген заманауи аналитикалық технологиялардың негізі болып табылатын «Үлкен деректердің» алдағы уақытта рөлі айрықша маңызды болады.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу