ЖАЛҒАН АҚИҚАТ

Синан Аралдың мақаласы. Түпнұсқасы мына сілтеме бойынша: https://hbr.org/cover-story/2018/07/truth-disrupted

2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Твиттер парақшасында «Амазон» компаниясы мемлекетке де, штат әкімшілігіне де ешқандай салық төлемейді», – деп жазған болатын. Бұл мәлімет алып мекеменің абыройын жұрдай етіп, акция бағасын құнсыздандырып жіберді. Сәл уақыттан кейін Ақ Үй басшысының ақпаратына ешқандай негіз жоқ екені белгілі болып, «Амазон» нарықтағы өз орнына қайта табан тіреді. Алайда, бұл жайт әлеуметтік желі арқылы таралатын «жалған ақпараттың» қоғамдағы «қате ойды» қалыптастыру мәселесінің өршіп тұрғанын көрсетті. Сонымен қатар, қазіргі заманда абыройсыз қалудан ешкім де сақтандырылмағанының айқын бейнесі.

Әр милисекунд сайын жаңарып отыратын онлайн жаңалықтарға қаншалықты сенуге болады? Ақпараттың рас әлде бұрмаланғанын, тіпті кейде өтірік екенін қалай анықтауға болады? Осы тақырыптар негізінде АҚШ ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ең қызығы, жалған ақпарат шынайы жаңалыққа қарағанда тезірек тарап, көбірек оқылып және тереңірек талқыға түседі екен. Зерттеу нәтижесіне көз жүгіртпей тұрып, алдымен мына сұрақтарға ойланып көрелік:

  • Адамдарды жалғандықты анықтауға және оған қарсы тұруға қалай үйретуге болады?
  • Жалған ақпараттың таралуын қалай тоқтатуға болады?
  • Қоғамда тек шынайы және жақсылыққа жетелейтін жаңалықтар болу үшін не істеу керек?
  • Жалған ақпаратты анықтауда технологиялық құралдарды, оның ішінде арнайы алгоритмдерді қалайша дұрыс пайдалануға болады?
  • Әлеуметтік желі құрған экономикалық және әлеуметтік құндылықтарды жоймай, ақпарат тізгінін қалай бақылауда ұстауға болады?
  • Мүмкін ойлануға ең маңызды сұрақ осы болар: егер әлеуметтік желідегі мақалаларды сараптап, оны бақылау керек болса, онымен кім айналысады? Немесе қандай құзіретті орган ешкімнің құқығын шектемей, шынайы тексеріс жасай алады?

Әлемді дүрілдетіп тұрған мәселемен қалай күресу керек екені туралы сөз қозғамай тұрып, жалған ақпараттың неліктен қауіпті екенін түсініп алған жөн. Әсіресе, интернет желісінің дамыған цифрландыру заманында бұның маңызы зор.

Жалған ақпарат неліктен қауіпті?

Ақпаратты бұрмалау мен өсек айту адамдар сөйлеп үйрене бастаған кезден бастап-ақ болған. Алайда, қазір жағдай тіптен басқаша. Сондай өсектер мен қате пікір тудыратын жаңалықтар әлеуметтік желінің көмегімен әр үйге желдей есетін уақытта өмір сүрудеміз. Твиттер 2006 жылы пайда болып, қазір әлем бойынша 336млн. қолданушысы бар. Ал Фэйсбук 2004 жылдан бері 2,19 млрд. адамның күнделікті ақпарат алатын платформасына айналды. Әсіресе саяси және жаһандық мәселелерді шешу кезінде әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйену жағдайды ушықтыра түседі. Себебі, автор мақаланы өз ыңғайына қарай ықшамдап жазады.

Неліктен жалған ақпар тезірек тарайды?

Шынайы мәлімет көптеген дәлелді факторларға толы келеді. Сондықтан, халық оны оқудан жалығады. Ал жалған ақпарат көбіне қызықты әңгіме ретінде жеңіл тілмен жазылады. Зерттеу нәтижесі технологияның қарқынды дамыған заманында адамдар шұбатылған шынайы жаңалықтан гөрі қысқа, әрі қызықты жазылған жалған мағлұматты оқып, онымен бөліскенді ұнататынын көрсетті. Сонымен қатар, жалған ақпаратты әлеуметтік желіні көп қолданбайтын, интернет желісінде дос саны аз қолданушылар тарататын болып шықты.

Жалған ақпармен қалай күресуге болады?

Біріншіден, тұтынушылардың құқығын қорғап, оларды оқыту керек. Кез-келген тауарды сатып аларда оның құрамында не бар екені және кім жасағаны туралы толық мағлұмат болады. Сол сияқты әр жаңалықтың сондай таңбасы болуы керек. Алайда әлеуметтік желідегі жаңалықты оқи отырып оның қалай жазылғанын, қанша дәлел қолданғанын және қандай мақсатпен жазылғанын біле алмаймыз. Бірақ таңба қойылған күннің өзінде, оған қызығушылық артуы мүмкін. “Бұл қандай жалған ақпарат екен” деген оймен қаралым саны кемудің орнына артуы ықтимал.

Екіншіден, интернет желісіндегі жарнама арқылы ақша табу жолын өзгерту керек. Қазіргі бизнес үлгі бойынша, қаралым және мақаламен бөлісу саны көбейген сайын, оны жазған адам көбірек ақша табады. Мысалы,  2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауы кезінде Македонияда дауыс берудің жалған нәтижесі мен доданың өтуі жайлы фэйк ақпараттар тарай бастады. Бұл жаңалықты таратушыларды саяси жағдайдан гөрі экономикалық жағы қаттырақ қызықтырған. Олар сенсациялық мәліметтер арқылы көпшіліктің назарын аударып, табысқа қол жеткізуді көздеген.

Үшіншіден, желілердегі әр сөзді електен өткізіп, қатаң бақылауда ұстау керек. Бірақ бұл жағдайда, ондай билікті кімнің қолына беру керек? Егер үкімет тарапы әр мақаланы қарастыратын болса, бұл азаматтардың еркіндігіне шектеу болып есептеледі. Сонымен қатар, саясаттың ықпалы басым болады.  Сондықтан, бұл шиеленіскен жағдай. Жеке деректер жинауды реттеу де қиындайды. Мұндай жинауға қанша сала және әлеуметтік қызмет керек екенін де есептеп шығару оңай емес. Мысалға, несиелік рейтинг жүйесі карточкадағы деректі жарнамалық мақсат үшін жинайды.

Қорытындыласақ, цифрландырудың арқасында көптеген мәселелер шешіліп, уақытты үнемдеуді үйрене бастадық. Алайда, шындық пен жалғанның арасын, шынайылық пен виртуалды өмір ұғымын күнделікті шатастырып алып жүрміз.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу