ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҒАЛАМДЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕДІ

Николас Райттың мақаласы. Түпнұсқасы мына сілтеме бойынша: https://www.globalaffairs.ru/global-processes/Kak-iskusstvennyi-intellekt-izmenit-globalnyi-poryadok-19678

Жасанды интеллект ғаламдық тәртіпті өзгерте ме? Қазір осы тақырып төңірегіндегі пікірталаста екі мәселеге көп назар аударылып отыр. Біріншісі, жасанды интеллект адам санасынан асып түсіп, бақылаудан шығып, ауыр салдары бола ма деген қорқыныш. Екіншісі, жаңа өнеркәсіптік төңкерістен машиналар адамдарды барлық салада ауыстыра ма деген үрей. Бұдан бөлек, билік жасанды интеллект арқылы өз азаматтарының іс-әрекетін қадағалап, авторитарлық жүйенің либералдық демократиямен тартысында әлеуетін арттыра ма деген қауіп те бар. Сөйтіп, қырғи-қабақ соғыстан соң алғаш рет әлеуметтік жүйелердің күресін туғыза ма деген ойға жетелейді. Егер саясаткерлер ондаған жылдар бойы либералдық демократия тұрақты экономикалық дамудың жалғыз жолы деген қағиданы ұстанып келсе, авторитаризм тоқырауды білдіретін. Бірақ жасанды интеллект  бұл екі ұғымды өзгертіп жіберуі әбден мүмкін. Себебі, ірі экономикалық дамыған елдер халқының бай-қуатты болуын қамтамасыз еткенмен, жасанды интеллект көмегімен адамдарды бақылауында ұстауға да қол жеткізбек.  Кей елдер осы бағытпен дамуды бастап та кетті. Мысалы, Қытай бақылау құралдары мен машиналарды қолданып, елдің саяси жүйесіне қарсы азаматтарын бақылауда ұстайтын цифрлық авторитарлық мемлекет құруға көшкен. Ал, бірқатар мемлекеттер қытайлық жүйелерді сатып алуға немесе соларға ұқсас жүйелер құруға тырысуда. Сондықтан 20-шы ғасырда либералдық демократия, фашизм және коммунизм арасында күрес жүрсе, 21-ші ғасырдың тағдырын либералдық демократия мен цифрлық авторитаризм анықтағалы отыр.

Қазіргі таңда жаңа технологиялар әлеуметтік қадағалуды көп шығынсыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Билік олар арқылы барлық ақпаратты сүзгіден өткізіп, жүйеге нұқсан келтіретіндерінің таралмауына қол жеткізе алады. Бұған «Ұлы қытай файрвол» деп аталатын интернетті қадағалау жүйесін жатқызуға болады.  Жасанды интеллект пен жеке мәліметтер базасы халықты бақылаумен қатар, туып келе жатқан наразылықты алдын-ала анықтауға да мүмкіндік береді. Бұл ретте жүйені «Амазон» мен «Гугл»-дың (Amazon, Google) тұтынушылармен жұмысына салыстыруға болады. Бірақ әлеуметтік бақылауға құрылған жасанды интеллекттің артықшылығы ол мәліметтерді адам күнделікті қолданатын барлық құралдардан жинай алады. Сөйтіп, оларды салық, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарынан алған ресми деректермен оп-оңай салыстыруына болады. Сәйкесінше, мұндай бақылау авторитарлық жүйелердің өміршеңдігіне сеп болмақ. Себебі, адамдар күнделікті өмірінің жіті бақылауда екенін сезініп, орынсыз іс-әрекетке бармауға бейімделеді. Бұл адам ағзасындағы аурудың нышандарын алдын-ала болжауға ұқсайды. Тұрғындар биліктің қара тізіміне ілікпеу үшін өзінің жүріс-тұрысын түзеп, оны сол қоғамның жүйесіне икемдеп ұстауға көшеді. Нәтижесінде олардың ойлау қабілеті өзгереді. Ал зерттеулер мәжбүрлеу адамдардың мінез-құлқына кері әсер ететін кеңінен дәлелдеген. Алайда жасанды интеллект орталықтанған экономикалық жоспарлауды жақсарта алады екен. Қытайлық алпауыт «Алибаба» компаниясының негізін қалаушы Джек Маның айтуынша, үкіметтің қажетті ақпаратқа ие болуы нарықтық күштерді бағдарлап, экономканы жоспарлауына жол ашады. Нәтижесінде тұтынушылардың қажеттілігіне сай жылдам жауап беруге қол жеткізуге болады екен. Алайда цифрлық авторитаризмнің қанша ұзақ өмір сүре алатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ бұл жүйенің тиімділігі дәлелденсе, өзге елдердің оған талпынысы күшейетіні анық. Сөйтіп либералдық демократияға деген құлшынысты басуы мүмкін. Мұндай саяси үлгі өз жемісін бермеген күннің өзінде фашистік не коммунистік жүйелер сияқты қирап, күйрегенше, жүзеге асырыла беруі ықтимал.

Бірақ бұл әлеуметтік бақылау жүйесін құру оңай емес. Ірі IT-жобаларды жүзеге асыру үшін күшті үйлестіру, қыруар қаржы және көп маман қажет. Ал мұндай жүйе пайдалы ма деген сұраққа Қытай елінің тәжірибесін саралап, жауап іздеп көрейік. Аспан асты елі әлеуметтік ірі IT жобаларды жүзеге асыра алатынын талай дәлелдеген. Бұл елде жасанды интеллект  бойынша мамандар жеткілікті. Олар тіпті америкалық әріптестерінен асып түсіп жатады. Бір «Ұлы файрвол» жобасы неге тұрарлық. Өткен жылы мемлекеттің ішкі қауіпсіздікті қорғауға жұмсаған шығыны 12 пайызға өсіп, 196 миллиард долларды құрапты. Қазіргі кезде бұл мемлекет цифрлық авторитарлық жүйенің негізгі бөліктерін құру үстінде. Соңғы жылдары елде бақылау күшейтілген. «Freedom House» ұйымының мәлімдеуінше, Қытай – интернет еркіндігі ең көп шектелген мемлекет. Ал, 2014-ші жылы билік әр тұрғынның іс-әрекетін анықтайтын «әлеуметтік несие» жүйесін құруды жарияланған. Сенімсіздер қатаң бақылауға алынып, оларды түзету жолдары да қарастырылған. Ел басшылығы болса жасанды интеллект пен жеке мәліметтер қоғам санасын түсініп, болжауға үлкен мүмкіндіктер ашатынын жасырмайды. Қытай өз тәжірибесін басқа елдерге де ұсынуда. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, қытайлар бақылау құралдарын Эфиопия, Иран, Ресей, Замбия, Зимбабве елдеріне жеткізіп, бірқатар елге ғаламторды қадағалудың жүйесін ұсынған. Ал, бұл технологиялар кей үкіметтер үшін елдің ішкі бақылауын қамтамасыз ететін қорғаныс құралы деп қаралса, демократиялық мемлекеттер оларды өздерінің өмір салтына төнген қауіп деп санайды. Бірақ авторитарлық технологиялық басқару үлгісі либералдық демократияның жаңаруына көмегі бар деген пікір де жоқ емес. «Ол жасанды интеллектен туындайтын ішкі және сыртқы сын тегеуіріндерге қалай жауап беретіндігіне байланысты» – дейді сарапшылар. Демократиялық мемлекеттер халықтарының басым көпшілігі өзге елдерге қатысты тыңшылық пен лаңкестікке қарсы бақылаудың қажеттілігін мойындайды. Бірақ қоғамды жаппай бақылауға қарсы. Мұндай қауіп өздеріне оңтайлы тәртіпті енгізуді қалайтын ірі технологиялық компаниялардан да төніп тұр деп қаралады. Бірақ демократиялық қоғам оларды жеңе білген. Сондықтан сыртқы авторитарлық жүйелерден төнген қауіп батыс демократиясын күшейте түсуі мүмкін. Нәтижесінде либералдық демкоратиялық елдер цензура мен бақылауға деген ұстанымын қайта қарастыруы ғажап емес. Өйткені батыс елдерінде қоғамның билік пен технологиялық компанияларды қадағалау деңгейі жоғары.

Осыған байланысты, сарапшылар либералды демкоратиялық елдерге цифрлық авторитарлық мемлекеттерге төтеп беру үшін нақты стратегия құру қажеттігін айтады. «Бұл үшін, ең алдымен, билік пен қоғам ішкі бақылауды қатаң түрде шектеп, медианың алуан түрлілігін қамтамасыз етуі тиіс» – дейді мамандар. Сондай-ақ,  технологиялық компаниялардың жеке деректерді қолдануын шектеп, қондырғылардың бұл мәліметтерді жинауын азайту қажет. Билік болса бұл деректерді тек ерекше жағдайда ғана пайдалануы тиіс дегенді алға тартады. Бұдан бөлек батыс өзге елдердің жасанды интеллект пен жеке деректерді қолданылуына көңіл бөліп, жеке өмір мен мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтірмейтін халықаралық заңдарды қабылдауға күш салу керектігін айтады.


Соңғы жаңалықтар


Комментарийлер: 0

Комментарий жоқ.

Пікір жазу